Қазақ гуманитарлық заң университетінде (Астана қаласы) «Құқық» мамандығы бойынша Қазақстан Республикасының ЖОО студенттері арасында өткен республикалық пәндік олимпиададан С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері жүлдемен оралды.
Аталмыш олимпиаданың өткізілу мақсаты болашақ заңгерлердің кәсіби қабілеттерін дамыту, талантты студенттік жастарды қолдау болып табылады.
Олимпиадаға қатысқан С.Торайғыров атындағы ПМУ командасы жақсы нәтиже көрсете білді. Команда құрамында С.Торайғыров атындағы ПМУ бизнес және құқық факультетінің жоғары курс студенттері болды. Олар: Темірлан Ахметов, Ерғали Буебаев, Никита Чайкивский, Асхат Тілеуленов, Айым Темірова.
Республикалық олимпиаданың әділқазылар нәтижесіне сәйкес 125 қатысушылардың ішінде жеке есеп бойынша үшінші жүлделі орынды Юр-202 тобының студенті Асхат Тілеуленов алды. Оған бағалы сыйлық пен диплом табысталды. Өз білімі мен кәсіби біліктілігін танытқаны үшін С.Торайғыров атындағы ПМУ командасы Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры Талғат Нарикбаевтың алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар қатысушылардың барлығына сертификаттар табыс етілді.
Команда жетекшісі з.ғ.к., доцент Болат Олжабаевтың айтуынша Павлодар мемлекеттік университетінің жас заңгерлері жақсы нәтиже көрсетті. «Биылғы олимпиадаға республикамыздың 25 жоғары оқу орындарының қатысқанын ескерсек, біздің студенттеріміз жақсы көрсеткішке ие болды деп айта аламыз. Сондықтан олар еліміздің кіл мықты болашақ заңгерлерінің басы қосылған білім бәйгесінде С.Торайғыров атындағы ПМУ намысын сәтті қорғап шықты деп есептеймін. Осы орайда команданың дайындығы мен қатысуына кафедраның жетекші оқытушылары Владимир Вязнюк, Людмила Дубовицкая атсалысқанын айта кеткен жөн», – деді Болат Хабдуллинұлы.