С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығы Павлодар қаласындағы №30 ЖОББМ «Мәшһүр-Жүсіп шығармашылығы: қазақ халқының бүгіні мен ертеңі» атты республикалық семинар өткізді.
Облысымыздың әр аудандарынан жиылған 200-ден аса колледж оқытушылары мен мектеп мұғалімдері, бала-бақша тәрбиешілері мен әдіскерлер бұл семинарда Мәшһүр-Жүсіп шығармашылығы мен тағылымын оқушыларға оқыту жолдарын үйренді.
Шараның модераторлық қызметін атқарған №30 ЖОББМ басшысы Ажар Текжанова өз сөзінде Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын мектеп оқушыларына оқытудың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Семинар жұмысына ф.ғ.д., профессор Нағима Сағындықова (Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Алматы қ.) Мәшһүр Жүсіп шығармаларын орыс тілі пәні бойынша оқытудың қыр-сырын онлайн-режимде түсіндіріп берді. Дәл осындай онлайн қашықтық бойынша филос.ғ.д., профессор, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми жұмыс жөніндегі директорының орынбасары Серік Нұрмұратов Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының философиялық дүниетанымына терең тоқталды. Мәшһүр ата ұрпағы, т.ғ.к., С.Торайғыров атындағы ПМУ доценті Естай Жүсіп М.Ж.Көпейұлының ғұламалығы мен даралығына сөз арнады. Ф.ғ.к., профессор, педагогика ғылымдары академиясының академигі С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнуллина өз баяндамасында Мәшһүр Жүсіп тағылымын оқытудың жолдарын егжей-тегжейлі баяндап берді.
Сондай-ақ, семинар барысында танымал суретшілер Өзкен Шоранов, Ғалым Қаржасаов, Әнуар Игембаев, Сейсенғали Тіленбаев, Әділғали Баяндиннің қолынан туған қасиетті Баянауыл табиғаты, ғұламаның кесенесі мен асыл тұлғаның бейнесі бейнеленген туындылар көрмесі ұсынылды. Мұнымен қоса, техн.ғ.к. профессор, С.Торайғыров атындағы ПМУ «Металлургия» кафедрасының меңгерушісі Мерхат Сүйіндіков пен «Металлургия» кафедрасының аға оқытушысы зертханалардың меңгерушісі Нұрболат Кулымбаевтың бірлесіп жасаған Мәшһүр Көпейұлының қоладан жасалған бюстік ескерткіші де көрмеге қойылды.
Сонымен қатар, шараның көркін ресейлік композитор Саша Морозов пен Олег Скрипченко арнайы семинарға қатысушылар құрметіне музыкалық сәлемдеме аша түсті.
С.Торайғыров атындағы ПМУ С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың кітапханашысы Жүрсилә Абилдинова ақынның шығармашылығы мен өмірі туралы кітап көрмесін ұсынды. Семинар жұмысына белсене атсалысқан С.Торайғыров атындағы ПМУ «Жас ұрпақ» студенттік үйірмесінің мүшелері Бауыржан Есім, Азамат Түсіпов, Мадина Болатова домбырада күмбірлете күй шертіп, тамылжыта ән салды.
Шараның соңында қатысушылар мынандай қортындыға келді: осы сынды іс-шаралар жиі болып тұруы, №30 ЖОББМ-де ұлы жерлесіміз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы құрметіне музей кабинет ашу.
Бұл семинардың басы-қасында жүрген ұйымдастырушылар әрі модераторлар Найлә Анафина (С.Торайғыров атындағы ПМУ) мен Сәуле Төлеубай (№30 ЖОББМ) ғұлама ақынның шығармашылығын оқушылар мен студенттерге оқытудың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған пікір алмасу алаңын ұйымдастырып, біраз шаруаның басын қайырып, көздегеніне жетті.