2015 жылдың 12 ақпан күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Ермұхан Бекмаханов және оның отандық тарихи ғылымының дамуына қосқан үлесі» атты республикалық конференция өтті.
Конференция жұмысы Ермұхан Бекмаханов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ғалым рухына тағзым етуден басталды. Сондай-ақ, конференция барысында қатысушылар «Рухы мәңгілік ғұлама» атты кітап көрмесін тамашалады.
С.Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев ашып, ғалымның еңбектері жайында былайша сөз өрбітті: «Отандық тарихтың негізін салған Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдық мерейтойы Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келуінің өзі бекер емес. Өйткені, Е. Бекмаханов қазақ халқының ежелгі дәуірден басталған тарихын жүйелеп жазып кеткен алғашқы ғалым».
Одан әрі Павлодар облысы әкімінің орынбасары, с.ғ.д. Арын Өрсариев қатысушылар үшін өзінің құттықтау сөзін арнады. Өз сөзінде Арын Амангелдіұлы Е.Бекмаханов жайлы былай деді: «Ермұхан Бекмаханов еңбектері қазақ тарихының ғылым ретінде қалыптасқан дәуірінің айнасы, Қазақстан тарихы ғылымдарының бір бөлігі іспеттес. Сол себептен де еліміздің барлық тарихшылары үшін бүгінгі күн кәсіби мейрам деп айтсам артық болмас».
Конференцияға құрметті қонақ болып келген Қазақстан Республикасы ҒБМ-нің микробиология және вирусология ғылыми зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, б.ғ.д., профессор Бекмаханова Надия да әкесінің еңбектері мен қайраткерлігі турасындағы шындыққа жиылғандарды қанық етті. Надия Ермұханқызы конференцияға қатысушыларды құттықтап, былай деп ағынан жарылды: «Мен Е.Бекмаханов орталығы шығарған кітаптар санына қарап қатты таң қалдым. 15 жылдың ішінде 200-ден астам ғылыми туындыларды жарыққа шығарыпты. Бұл – менің әкемнің естелігі үшін ғана емес, сонымен қатар, осы киелі жерде туған басқа да тұлғалардың құрметіне көрсетіп жатқан тағзым деп білемін. Ертістің Павлодар өңірі – өзінің қаһарман ұлдарын қастерлеген өлке. Соның бір белгісі деп бүгінгі өтіп жатқан Е.Бекмаханов конференциясын және де университет алдында қаз-қатар тізіліп тұрған осы өлкенің дара туған ұлдарының құрметіне қойылған ескерткіштерді айтар едім. Мұндай дара да дарынды тұлғаларға деген құрмет-қошеметті еліміздің басқа өңірінен кездестірмедім».
Пленарлық отырыс кезінде Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ханкелді Әбжановтың «Е.Бекмаханов тұлғасы замандастары көзімен», т.ғ.к., С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, Павлодар қалалық маслихатының депутаты Арман Ешмұратовтың «Е.Б.Бекмаханов шығармашылығының мемлекеттік институты», С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақстан тарихы» кафедрасы меңгерушісінің м.а., т.ғ.к., профессор Зулейха Марданованың «Тоталитарлы мемлекеттегі Адам», Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Қилаш Расулдың «Ермұхан Бекмахановтың мұрасы мен студенттік ғылым» атты ғалым өмірі мен шығармашылығына арналған тағылымды да танымды баяндамалар оқылды.
С.Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев Е.Бекмахановтың құрметіне арналған «Ермұхан Бекмаханов және тарихи шындық» атты кітаптың тұсаукесерін жария етті.
Шара соңында конференцияның шеңберінде өткізілген Е.Бекмахановтың 100 жылдық мерейтойына арналған тарихи ғылымдар бойынша үздік ғылыми жұмыс байқауының нәтижелері бойынша студенттер марапатталды.
Руфина Торпищеваның фотосы