С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде әдебиеттанушы, шығыстанушы, өнертанушы, Қазақстан ғылым академиясының академигі Әлкей Марғұланның қызы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Даниел Марғұланмен кездесу өтті.
Даниел Марғұлан – медицина ғылымдарының кандидаты және академик Әлкей Марғұлан атындағы халықаралық қордың вице-президенті.
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері мен ұстаздары қонақпен алуан түрлі тақырыпта әңгіме өрбітті. Кездесуде әркім көкейіндегі сауалдарға жауап алып, белгілі академик Әлкей Марғұланның еңбектері мен өмірінің беймәлім тұстарына қаныға түсті.
Даниел Әлкейқызының сапары аясында Әлкей Марғұланның еңбектерін паш ететін кітап көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ, қонақ Павлодар мемлекеттік университетінің Ә.Марғұлан атындағы біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы мұражайының жұмыстары мен экспонаттарымен танысты. Орталық жетекшісі В.К.Мерц С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдарының археологиялық қазба жұмыстары нәтижелерімен және Әлкей Марғұланның археологиялық мұралары турасындағы өзіндік ғылыми көзқарасымен бөлісті.
Даниел Марғұлан кездесу барысында әкесінің еңбек мұрағатын араб тіліненн кириллица қаріпіне түсіру жұмысымен айналысып жатқандығын тілге тиек етті. «Марғұлан еңбек етіп жүрген жылдары көп еңбектер басылып шықпайтын. Ол «үстелге» жұмыс жасады. Әкем тіршілігінде ол еңбектердің жарыққа шығару керектігін ойламаған. Өйткені, өзінің ғылыми атағын шығаруды әсте мақсат етпеуші еді. Оның бір ғана мақсаты кейінгі ұрпаққа мейілінше көп мұра қалдыру мақсатында көп іс тындыру болатын. Әкем өзі бастаған істі жалғастыратын ұрпағы болатынына берік сенді», - деп әкесінің ерен еңбегіне баға берді Данел Әлкейқызы.
«Сарыарқа. Қола дәуіріндегі таукен және металлургия ісі» еңбегінің жарық көрмейтініне сенімді еді Әлкей Хақанұлы», - деп ақтарылды академиктің қызы. Бұл кітап Марғұлан ашқан орталық Қазақстандағы қола дәуірінің соңғы кезіндегі ерекше Беғазы-Дәндібай мәдениетінің сырымен қанықтырады. Еңбекте Сарыарқа тұрғындарының дара туындылары, тастан қашалған көне кесенелер, қола мен қыштан жасалған тұрмыстық бұйымдар берілген. Ә.Марғұланның мәлімдеуінше мұндай бай қола мәдениеті тек ежелгі тау-кен және металлургия ісі негізінде кен қазыналарға бай жерде пайда бола алады.
Кездесу соңында Даниел Марғұлан былайша ойын түйіндеді: «Бүгінгі менің айтқан сөздерім Сіздердің жүректеріңізге жетті деп есептеймін. Павлодарлық ұлы ғалымдардың артынан қалдырған құнды мұраларын зерделеп, игеріп ғылымның жаңа белестеріне шығаруды мақсат етіңіздер. Көптің айтуынша, жастар ғылымды жатсынуда. Алайда, ұлттық санасы ояу азаматтар ғылыммен айналысу керектігін жақсы түсінеді. Мен Сіздерді ғылымды өмірлеріңізге серік етсеңіздер екен деймін. Осы бағытта табысты жұмыстар атқаруларыңызға шын ниеттеспін».
Руфина Торпищеваның фотосы