С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша конференция және «Қазақстандық құндылықтар» атты дөңгелек үстел өтті.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауын С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері жақсы қабылдады.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша конференциясына С.Торайғыров атындағы ПМУ белсенді студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Конференция жұмысына С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттік өзін-өзі басқару бөлімі мұрындық болды.
Конференция барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының басты тақырыбы болған әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы туралы С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттік ректоры Ернұр Сағынтай баяндап берді. Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Ақбота Сарыбай С.Торайғыров атындағы ПМУ көліктік-логистикалық инфақұрылымының дамуына қосатын үлесі жайында әңгіме өрбітті. С.Торайғыров атындағы ПМУ «Жас Отан» ЖҚ белсендісі Руслан Гафуров өз баяндамасына ұлттар арасындағы төзімділіктің ел тұрақтылығына ықпал етуші күш екенін арқау етті. Студенттік кәсіподақ ұйымының белсендісі Ержігіт Тағай тұрғын инфрақұрылымның дамуы және тұрғын үйлердің қазақстандықтар үшін қол жетімділігі турасында сөз қозғады. Журналистика кафедрасының 1 курс студенті Валерия Джембетова пікір-талас алаңына этносаралық келісім мен татулық туралы салиқалы көзқарасын салды. Ол өз баяндамасында:
– Біз – қазақстандықтар, этникаарлық келісімді сақтауға бар күшімізді салуымыз керек. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жолдауда: «Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды», - дегені бүгінгі ұрпаққа үлкен жауапкершілік артқаны деп ойлаймын, - деді Валерия Джембетова.
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері айтулы бағдарламалық құжатты талқылау барысында өздеріне жүктелген міндеттерді нық түсініп, болашаққа қадамдар жасауға шабыттанып қайтты.