2014 жылдың 23 қыркүйек күні Павлодар облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетов С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Агротехнология факультетінің студенттеріне дәріс оқыды.
Дәріс мақсаты – 4 курс студенттеріне агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) қолдаудың мемлекеттік саясаты туралы ақпарат беру, талқылау жұмыстарын жүзеге асыру.
Өңіріміздің АӨК қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Солардың бірі Павлодар облысы әкімдігінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетовтің жетекшілігімен «Облыстың АӨК іскерлік ахуалы» комиссиясы жұмыс жасайды. Комиссия АӨК қолдау бойынша мемлекеттік саясатты талқылау жұмыстарын жүргізеді. Комиссия мүшесінің бірі С.Торайғыров атындағы ПМУ Агротехнология факультетінің деканы Тоқтар Бексейітов. Аталмыш комиссияның тапсырмасына сай Агротехнология факультетінде 4 курс студенттер арасында АӨК мемлекеттік қолдау түрлерін талқылау бойынша жоспар бекітілген болатын. Аталмыш дәріс жоспарға сай өтіп отыр.
Нұржан Әшімбетов студенттерге «Егін және мал шаруашылықтарын дамыту үшін мемлекеттік қолдау түрлері» тақырыбын арқау еткен дәріс оқыды. Нұржан Кемерұлы өз дәрісінде ауылшаруашылық саласы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздің маңызды салаларының бірі екенін атап өтті. «Мемлекет тарпынан ауылшаруашылық саласын қолдау мақсатында алуан түрлі мемлекеттік қолдаулар іске асуда. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шаралары мемлекеттің агроөнеркәсібін дамытуға, ауылдарды жаңғыртуға ықпал етеді», - деп мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын айтып өтті.
Дәріс диалог түрінде өтті. Сондықтан дәріс барысында студенттер өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алып отырды. Дәріскер кәсіптік сұрақтардан өзге, кез келген студент кезігетін жұмысқа орналасу, жас мамандарды қолдау мәселелері төңірегінде де сөз қозғады.
Дәріске Агротехнология факультетінің жалпы сұрақтары бойынша декан орынбасары Жастілек Уахитов, «Зоотехнология, генетика және селекция» кафедрасының меңгерушісі, профессор Надежда Бурамбаева, Агротехнология кафедрасының меңгерушісі Қайырлы Омашев және факультет оқытушылары қатысты.
Дәріс қорытындысы бойынша факультет студенттері мен облысымыздың ауылшаруашылық саласы мамандары арасында осындай кездесулер мен дәрістерді жүйелі өткізіп тұру ұсынысы туралы шешім қабылданды.