2014 жылдың 21 маусымы күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Павлодар облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен мұсылман әйелдері лигасы қоғамдық бірлестігі мүшелерінің ұйымдастыруымен облыс орталығындағы мәдениет және демалыс саябағында өткен қазақтың көне мерекелерінің бірі – «Қымызмұрындық» мерекесін тойлады.
Орталық саябақта жыл сайын өтетін «Қымызмұрындық» мерекесінің басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу, жас ұрпаққа тарих пен салт-дәстүрімізді таныстыру.
Қымызмұрындық мерекесін тойлау барысында С.Торайғыров атындағы ПМУ қазақтың салт-дәстүріне сай жабдықталған киіз үй тікті. Павлодар мемлекеттік университетінің қонақжай отауында қазақтың берекелі дастарханы жайылды, киелі бал қымызбен қатар қонақтар алдына аспа төк ұлттық тағамдар ұсынылды. Сары қымыздың алғашқы саумасының дәмін татқан тойшы жұрт ұлттық ойындар ойнап, әуезді ән әуелетіп, мың бұрала би билеп, тойдың қызығына батты. Отау алдында жастарға арнап алтыбақан құрылды. Алтыбақан аясында С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің Иса Байзақов атындағы студенттік филармониясының өнерпаздарымыз тамаша өнер көрсетті. С.Торайғыров атындағы ПМУ қонақжай ауылының мерекесін Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті ұйымдастырды.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры С.М. Өмірбаевтың қолдауымен С.Торайғыров атындағы ПМУ қалада өтетін барлық іс-шараларға белсене араласып үзбей қолдау көрсетіп келеді.
Павлодар облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары С. Жетпісбаев С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Серік Мәуленұлына қалалық саябақта өткізілген «Қымызмұрындық» мерекесінің ойдағыдай өтуіне ат салысып, көз тартар киіз тігіп, қонақтарды құшақ жайып қарсы алып қазақ халқының меймандос, кеңпейілділік үлгісін көрсеткені үшін шексіз ризашылығын білдіре отырып алғыс хатпен марапаттады.