Жоғары және орта білім беру көкжиегінде сапалы білім берумен қатар студенттер мен оқушыларды рухани тәрбиелеу басты назарда екені белгілі.
Осындай мақсатта Мәшһүртану ҒПО-ы қызметкерлері С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми кітапханасында және Павлодар қаласының № 2 колледжінде өткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты әдеби кездесулерді өткізді.
Бүгінде тек білім берудің гуманитарлық саласы ғана емес, сонымен бірге техникалық бағыттағы оқу орындарының еліміздің бай тарихы мен мәдениетіне қызығушылықтарын танытып, ұлы ғұламаларымыздың ғұмырына қатысты қызықты мәліметтерді білуге құштарлық танытып жатқаны анық байқалып отыр. Осыған мысал ретінде Павлодар қаласының № 2 колледж студенттері мен оқытушыларының сұрауымен өткен дәріс сабағын атап өтуге болады. Бүгінгі жастарды тұлғалық қалыптастыруда аса ерекше маңызды рөл атқаратын дәрісті Мәшһүртану ҒПО қызметкері ф.ғ.к., доцент М.Т. Тезекбаев орыс тілінде жүргізіп, ақынның жалпы қазақ әдебиеті мен тарихында, әлем әдебиетінде алатын орны, әулиелігі, ақындығы жайында қызықты мәліметтер келтірді.
Сол сияқты, дәл осы күні С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми кітапханада да Мәшһүр Жүсіпке қатысты «Дархан даланың данышпаны – Мәшһүр Жүсіп» деген атпен тәрбиелік мәні зор іс-шара орын алды. Осы әдеби кешке арнайы қонақ ретінде Мәшһүртану ҒПО директорының м.а. А.Ж. Көпеев және ф.ғ.к., доцент М.Т. Тезекбаев арнайы шақырылды.
Кітапхана қызметкерлері ақынның өмір жолын жиналған қауымға таныстырып, отырыстың шымылдығын ашты. Артынан осы кештің қонақтарына арнайы сөз беріліп, Мәшһүр Жүсіп жайында құнды деректер келтіріп, оқырмандардың қатты қызығушылығын тудырды.
Сол сияқты кітапхананың алтын қорынан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармашылығына арналған 70-тен астам басылымнан тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның 155 жылдығына арналып шыққан 20-томдық шығармалар жинағы да оқырман қауым назарына ұсынылды.