С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Гуманитарлық-педагогикалық факультетінің студенттері мен магистранттары академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында АҚШ-тың Кентуки штаты, Мюррей қаласында Murray State университетінде білім алып келді.
Айтулы бағдарлама С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында білім алушылар үшін өздерінің білім көкжиегін кеңейтетін зор мүмкіндік екені анық. Студенттердің академиялық ұтқырлығы – Қазақстан мен өзге мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, жалпыға ортақ білім және ғылым тәжірибесінен өтуге, білім қоржынын толтыруда екі ел арасында ықпалдасуға зор мүмкіндік тудырып отыр.
С.Торайғыров атындағы ПМУ Шетел филологиясы кафедрасының студенті Фатиха Аубакирова Murray State университетінде оқу барысында ағылшын тілі мен әдебиеті саласындағы білімін жетілдірді. Мұнымен қоса, ағылшын тілдік ортада ол өзі таңдап алған сала бойынша теориялық біліммен қоса жаңа технологияларды меңгеріп келді.
Ал, Психология және педагогика кафедрасының магистранты Рысалды Молдабаеваға Murray State University кітапханасындағы әдебиеттермен жұмыс жасауға мүмкіндік туды. Сонымен бірге, университеттің ғылыми мақалалар мен ғылыми жұмыстар базасымен жұмыс істеуіне де жол ашылды.
Murray State университетінде білім алып келген қазақстандық студенттер оқу-әдістемелік, тәрбие жұмыстары және оқу ордадағы жүзеге асып жатқан халықаралық ғылыми бағдарламалармен танысты. Сонымен қатар, олар Халықаралық Студенттік ұйымның жұмысына белсенді атсалысып келді. Бұл ұйымның негізгі мақсаты шетелдік студенттердің елді, жерді, жергілікті мәдениетті жатсынбаулары үшін қалыпты жағдайлар туғызу, оқу орын тәртібін ұстану сынды көмектер көрсетуді мақсат еткен. Және де мұнда өзге елден келген студенттер бір-біріне елі, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлері турасында ақпарат беріп, жан-жақты білімдерін кеңейтеді.
Академиялық ұтқырлық орталығының басшысы Құндыз Мұқатаеваның айтуынша, айтулы бағдарлама жоғары оқу орындар арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және жоғары мектептегі білім беру мен ғылыми зерттеулер сапасын арттырады. «Бұл бағдарламны әлемдік тәжірибе негізінде бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау үшін зор мүмкіндік деп білемін», - деді Құндыз Боранбайқызы.