2013 жылдың 25 қазанында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде саяси ғылымдарының докторы, ПМУ профессоры Ғабит Иреновты еске алуға арналған дөңгелек үстел өтті.
Ғабит Нажмеденұлы тірі болғанда биыл 75 жасқа толатын еді. Әріптестері және кейінгі буын өкілдері оны туған күнінде еске алып, аталмыш дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Г.Н. Иренов партиялық және мемлекеттік органдарда, білім беру мекемелерінде басшы қызметтерін атқарған. 2001 жылдан бастап – С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Философия және әлеуметтік-саяси пәндер кафедра меңгерушісінің орынбасары, доцент, профессор болған, 2007 жылдың қаңтарынан бастап – Саяси зерттеулер аймақтық орталығының директоры, 2008 жылдан бастап – Философия, социология және саясаттану кафедрасының (кейінгі кезде – Саясаттану және әлеуметтану кафедрасы) меңгерушісі болып қызмет еткен.
Көрнекті ғалым 200-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Дарынды ұстаз аймағымыздағы ғана емес, еліміздегі саясаттану ғылымына, қазақстандық қоғамның бірігіп нығаюын, Тәуелсіздік тарихын зерттеу ісіне зор үлес қосқан.
Профессор Ғабит Иреновты еске алуға арналған дөңгелек үстелді ашқан С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Дамыту стратегиясы бойынша және тәрбие мен әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Әкішев өз сөзінде: «Ғабит Нажмеденұлының үлкен өмір жолы әркез ілгері ұмтылу, ізденумен, қажырлы еңбек етумен сабақтасып келген. Аға буын ретінде жас буынға өнеге, қызметтес әріптестер арасында кеңпейіл дарқан азамат ретінде бедел мен құрметке ие болған. Ғабит-ағамыздың ойының тереңдігімен, ұсыныстарыңыздың өткірлігінен туындаған көптеген саяси саладағы пікірлері ел мүддесіне жараған. Аймақтық ғалымдар Ғабит Нажмеденұлыны идеялары уақыт ағымына қажетті ғалым, үлкен жүректі ел ағасы ретінде таныған».
Дөңгелек үстел барысында ПМУ ғалымдары – Тарих және құқық факультетінің деканы, с.ғ.к., доцент Әмірғалы Бегімтаев, т.ғ.к., профессор Эдуард Янчук, ф.ғ.к., профессор Степан Невмержицкий, т.ғ.к., профессор Тамара Зозуля, сонымен қатар, арнайы қонақтар – ф.ғ.д., профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі Қамалбай Марданов, ф.ғ.к., ПМПИ профессоры Қабиден Зағұпаров, т.ғ.к., ИнЕУ профессоры Мұрат Сүлейменов өз баяндамаларын ұсынған.
Дөңгелек үстелге қатысқан Ғ.Н. Иреновтың жақын туысқандары С. Торайғыров атындағы әкімшілігіне зор алғысын білдірді.
Іс-шараға қатысушылар Ғабит Иреновтың адамгершілігі, Тәуелсіз еліміздің дамуына, демократиялық институттардың қалыптасуына, ел саясатын реформалауға зор үлес қосқандығы туралы айтып, ғалымның келесі мерейтойларына арналған ғылыми іс-шараларды өткізуін жоспарлап өтті.
Сол күні жиналған қауымның назарына Ғабит Нажмеденұлы өз үлесін қосқан «Саясаттану» атты 2-томдық еңбек ұсынылған. Іс-шараның соңында Ғ.Н. Иренов атындағы оқу аудиториясы ашылды.