Қыркүйектің 23 мен қазанның 23 аралығында Павлодар қаласында Дүниежүзілік қарттар және мүгедектер күніне орай дәстүрлі «Қайырымдылық» айлығы өтті. Қалыптасқан игі дәстүр бойынша С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті де ізгі шараға өз үлестерін қосты.
Павлодар мемлекеттік университетінің жастар және студенттер ісі жөніндегі комитеті Павлодар қаласы №6 шағын аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз басты зейнеткерлердің қал-ахуалымен танысу мақсатында рейд жүргізді. Бұл күні әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың қарттары мен егде жастағы мүгедектері ерекше назарда болды. Сонымен қатар, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмектер көрсетілді.
С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың тәрбие жұмысы мен әлеуметтік сұрақтары жөніндегі департаментінің басшысы Қайрат Әшенов қарияларға ғұмырлары ұзақ, баянды да берекелі болсын деп жүрекжарды лебізін білдіріп, былай деді: «Жасы ұлғайған адамдарға құрмет көрсету біздің халқымызда да ежелден бар. Себебі олар еліміздің алтын қоры, патриотизмнің үлгісін насихаттаушылар, ортақ іске берілген және шыдамдылық пен оптимизмді сақтаушылар. Бұл адамдар бүкіл ғұмырын еңбекке, балаларды тәрбиелеуге арнаған. Олардан игі дәстүрді қабылдаған бүгінгі ұрпақ ата-аналарының бастаған ісін жалғастыруда. Сондықтан да осындай ерен енбегі үшін қарияларға ризашылық білдіреміз».
«Қамқорлық» айлығының мақсаты: қариялардың көңіліне медеу ұялатып, қарттықты құрметтеу мен қамқорлау сынды ұлттық дәстүрімізді насихаттау, өмірінің көп жылғы бейнетінің мемлекет дамуына қосқан үлесін тағы бір еске алып, дәріптеу.
№6 шағын ауданының Ардагерлер кеңесі төрағасы Абжан Шахматалинов С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттеріне зор алғысын жеткізді. Ол өз сөзінде: «Бүгін біз қоғамымыздағы қарт жандардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете аламыз, тіпті, олардың ғұмырын біршама ұзарту және тұрмыс сапасын өсіруге, күнделікті өмірін шат-шадыман етуге міндеттіміз», - деп қада айтты.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері аталмыш шараға көтеріңкі көңіл-күймен әрі ерекше шабытпен атсалысты. Олар №6 шағын ауданның қарттары мен мүмкіндігі шектеулі жандарына тұрмыстық және тағам өнімдерін ұсынып, тұрмыс жағдайына көмек көрсетті.