2013 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаттары Анатолий Башмаков және Құсайын Уәлиев С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне арнайы іс-сапармен келді.
Іс-сапардың мақсаты – ағымдағы жылы 18 қазан күні «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының кезектен тыс съезінде қабылданатын партияның «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты жаңа саяси Доктринасының құрылымы мен басты әдіс-тәсілдерін, сондай-ақ құжаттың жалпы мазмұнын талқылау.
Кездесуді ашқан С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Дамыту стратегиясы бойынша және тәрбие мен әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Әкішев өз сөзінде: «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы құрылған күннен бастап экономика мен саясатта ауқымды реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып, адамның, қоғамның және мемлекеттің дамуына қолайлы жағдайлар жасап келеді», – деп айтты.
ҚР Парламентінің Сенат депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Анатолий Башмаков: «Қуатты мемлекет, ең алдымен, еркін, жасампаз және өз күшіне сенімді азаматтарға арқа сүйейді. Сондықтан, жаңа сипатты білім мен жоғары кәсіпқойлық қасиетке ие болуға ұмтылу, өз денсаулығын сақтауға ынталылық әр адамның күнделікті дағдысы мен тіршілігінің айнымас қағидасы болғаны дұрыс. Қазіргі заманғы білімді, ата дәстүр мен өмірден түйген тәжірибесін үйлестіре білу адам дамуының негізіне айналуы тиіс», – деп айтқан болатын.
Сонымен қатар, ҚР Парламентінің Сенат депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Құсайын Уәлиев: «Нұр Отан» партиясының «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» саяси доктринасында партияның идеологиясы нақтыланып, ұзақ мерзімге арналған негізгі құндылықтары айқындалып көрсетілген. Доктрина Елбасының мемлекеттік бағытының тұрақтылығы мен баяндылығын, көркеюін қамтамасыз ететін тірек ретінде «Қазақстан – 2050» Стратегиясын табысты жүзеге асыруға қызмет етеді және оның қызмет ету мерзімі бірнеше онжылдықтарға есептелген», – деген.
ПМУ-ға келген жоғары лауазымды қонақтар кездесуге қатысқан оқытушылар мен студенттердің сұрақтарына толықтай жауап берді.
Кездесу соңында депутаттар «С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің құрметті профессоры» атағына ие болды.