2013 жылдың 19 қыркүйегінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универистетінде «Қазақстан Республикасындағы туризм және география дамуының қазіргі мәселелері: бүгіні және болашағы» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Конференцияны ашқан С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов: «Туризм әлемдік экономикада басты рөлдің бірін атқарады. Туризмнің қазіргі индустриясы табысы жоғары және серпінді дамып келе жатқан қызмет көрсетулердің халықаралық сауда сегменттерінің бірі болып табылады. Туризм Қазақстан Республикасында жылдан-жылға дамып, қызмет аясын кеңейтіп келеді. Соның арқасында әлемнің көптеген елдері қатысатын Қазақстанның өзіндік туристік нарығы қалыптасуда», – деп мәлімдеді.
Конференцияға құрметті қонақ ретінде Алтай мемлекеттік университеті Туризм кафедрасының меңгерушісі, г.ғ.к. Александр Редькин, Омбы мемлекеттік Сервис институтының Туризм және қолданбалы информатика факультетінің деканы, п.ғ.к. Олег Лучко, Павлодар облысы бойынша Туризм басқармасының жетекшісі Нариман Әбілшайықов қатысқан.
Сонымен қатар, еліміздегі туризм дамуының мәселелері жөнінде Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының төрағасы, г.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Орденбек Мазбаев пленарлық отырыста сөз сөйлеп, С. Торайғыров ПМУ География және туризм кафедрасының профессорлық құрамы және студенттерінің назарына «Антарктида саяхатшылар мен ғалымдардың көзімен» атты өз баяндамасын ұсынған.
Жалпы, конференцияға қатысушылар Павлодар облысының туризм дамуының келешегі, қазіргі ЖОО және мектептік географияның білім беру технологиялар жөнінде мәселелерді талқылаған.
Конференцияға қатысушылардың баяндамаларын қамтыған ғылыми материалдар жинағы жарық көрді.