С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ф.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбаев арнайы іссапармен келді.
Іссапар барысында Өмірзақ Айтбайұлы С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың оқытушылар-құрамы және студенттерімен кездесті.
Өмірзақ Айтбаев басқарған делегация құрамына А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас маманы, ф.ғ.д., профессор Әлімхан Жүнісбек, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, ф.ғ.д. Ғарифолла Әнес кірді.
Кездесу барысында талқыланған басты мәселе – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуы тиіс… Осы заманғы ғылыми технологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүниежүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үрдістен біз де тыс қалмауымыз керек… Біз 2025 жылдан бастап, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе», – деп нық тұжырымды бекітті.
С.Торайғыров атындағы ПМУ-ға келген Қазақстан деңгейіндегі тіл мамандары Тұңғыш Президентіміз айтқан идеяны толықтай қолдаған.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Гуманитарлық-педагогикалық факультетінің деканы, ф.ғ.к., профессор Жақсыбай Сарбалаев: «Мемлекет басшысының латын әліпбиіне көшу жөніндегі шешімін шын жүрегіммен құптаймын, әрі оның толық қанды іске асуы үшін дайындықты мұқият жүргізілуін қалаймын», – деп мәлімдеді.