2013 жылдың 8 мамырында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттік клубында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерімен дәстүрлі кездесу өтті.
Кездесуге Ұлы Отан соғысының ардагерлері шақырылды. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың ректоры Серік Өмірбаев соғыс ардагерлеріне жүрек жарды лебізін білдіре отырып, ҚР Білім және Ғылым министрі Б.Жұмағұловтың алғыс сөздері мен құрметі айшықталған ашық хатын ардагерлерге табыстады. Серік Мәуленұлы ардагерлерді құттықтай отырып: «Ұлы Отан соғысы біздің тарихымыздың ең маңызды тұсы. Ол жылдар – біз ұмытпауға тиіс естеліктер. Сұм соғыстың соңы адам қасіреті екенін адамзат түсінді», - деді.
Отанымыздың жеткен Ұлы Жеңісіне Павлодар өңірі де өз септігін тигізді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұлы ұран тылдағы еңбеккерлердің өмірлік мақсаттарына айналып, олардың еңбектеріне күш-қайрат бергені де мәлім. Павлодардың Ертіс өңірі Ұлы Отан соғысы кезінде келешек ұрпағы үшін жанын берген батырларымен мақтанады. Михаил Катаев, Махмет Қайырбаев, Қанаш Қамзин, Серікбай Мүткенов сияқты жаужүрек азаматтарымыз - Кеңес Одағының батыры деген құрметті атаққа ие болған хас батырлар. Олардың есімі еліміздің тарих беттерінде алтын қаріптермен жазулы.
С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Студенттік филармониясы ардагерлер үшін мерекелік ән-шашуын ұсынды. «Ертіс жұлдыздары» мен «Алтын дауыс» ансамблдерінің шырқауында Жеңіс әндері шырқалды. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Студенттік және облыстық И.Байзақов атындағы филармониялардың дәстүрлі әншісі Әсел Ботаева әсем әнімен жеңісті сәттердің қуанышты да қайғылы сәттерін еске түсірді.
Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне орай ардагерлер қоғамдастығының мүшелеріне гүл шоқтары, естелік тартулар және қаржылай сыяпаттар ұсынылды.