2013 жылдың 3 мамырында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде техникалық ғалымдарының докторы, Металлургия, машина жасау және көлік факультеті Көліктік техника және логистика кафедрасының профессоры Амангелді Нұржауовтың 75 жылдығын тойлады.

Кәсіби біліктілігінің тереңдігімен, биік адамгершілік қасиетімен ерекшеленетін мерейтой иесін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев құттықтады.

Амангелді Нұржауов Павлодар индустриалды институтында Автомобиль және трактор жасау мамандығын және кафедрасын (Қазақстанда алғаш және бірегей болған) ашу жұмыстарын ұйымдастырушысы болып табылады және осы мамандық бойынша Қазақстанда бірінші болып ғылыми кандидаттық дәрежеге ие болды. Қазір осы мамандықтың аталуы өзгертілгеннен кейін Доңғалақты және шынжыр табанды машиналар мамандығы бойынша Қазақстанда бірінші болып докторлық диссертацияны қорғап шықты.

А.Нұржауовтың ғылыми жұмыстарының тізімінде 100-ден астам еңбектер тізілген. Сегіз ғылыми мақала шет елдерде жарық көрген. Соңғы уақытта А.Нұржауов еңбектерінің басым көпшілігін мемлекттік тілде жариялап жүр.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Амангелді Нұржауов Халықаралық ақпарат академиясының академигі, Қазақстан Республикасының білім саласының құрметті қызметкері, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Құрметті кафедра меңгерушісі» атағының иегері, басқа да құзырлы органдар мен шет елдік университеттердің құрмет грамоталарымен марапатталған.

Мерекелік іс-шараға қатысқан университет декандары, құрылым бөлімшелерінің жетекшілері, оқытушыларының айтуы бойынша, мерейтой иесі Амангелді Нұржауұлының бет-бейнесі, болмысы мен жан сарайы өзі етене араласып жүрген жас ұрпаққа үлгі, өнеге.