2013 жылдың 1 наурызында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Агротехнологиялық факультет күні өтті. Шараға университет ректоры С.М. Өмірбаев, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Н.К. Ашимбетов, Ауылшаруашылық басқарамасының бастығы Б.С. Шарапиденов, агроөнеркәсіп комплекстік ірі кәсіпорындарының басшылары қатысты.
Факультет күні аясында ректор қабылдауы, факультеттің мұражайлық экспозициялары және зертханалық қорымен, факультет ғалымдарының еңбектері әрі жетістіктерімен танысу жүзеге асты. Павлодар облысы агроөнеркәсіптік комплексінің ірі кәсіпорындары мен облыстың басшыларының қатысуымен «Агроөнеркәсіптік комплекстің болашақ маманының моделі» атты семинар жалғасын тапты.
Ауылшаруашылығы Қазақстан экономикасының маңызды салаларының бірі екені мәлім. Бұл сала мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұндағы жетістікке жетудің басты кілті – маман мәселесі екені даусыз. Саланың дамуына байланысты мамандықтар тапшылығы байқалуда. Сондықтан, С.Торайғыров атындағы ПМУ-да 2000 жылдан бері агрошаруашылық комплексінің мамандарын даярлауды қолға алған. 2003 жылдан бастап жұмыс жасап келген Генетика және биотехнология кафедрасы 2009 жылдан бері жеке Агротехнологиялық факультет ретінде шаңырақ көтерді. Факультет мамандарының бірлікте жұмыс жасауының арқасында маман потенциалы қалыптасты, зертхана қоры ұлғайды. «Агроөнеркәсіптік комплекстің болашақ маманының моделі» семинары барысында мынандай мәселелер төңірегінде сөз қозғалды:
1. Агроөнеркәсіптік комплекстің болашақ маманының моделі;
2.Агроөнеркәсіптік комплекстің мамандықтарының кәсіби бағдарлануы;
3.Түлектердің жұмысқа орналасуы мен кәсіптік тәжірибеден өту мәселелері;
4. Агроөнеркәсіптік комплекске инновацияларды өңдеу және енгізу;
Агротехнологиялық факультет күні соңында факультеттің үздік оқытушыларын облыс әкімінің орынбасары Н.К. Ашимбетов, университет ректоры С.М. Өмірбаев, факультет деканы Т.К. Бексеитов дипломдармен марапаттады.