Торайғыров университетінің студенттері Pavlodar Hub алаңында өткен PIZZA PITCH инновациялық жобалар байқауында бірінші орын иеленді. Павлодар облысының әкімдігі мен Цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған байқау қорытындысы бойынша TOU командасына 150 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

 

Жеңімпаздар – ЦФ-202 тобының студенті Нұржан Садық пен БИ-102 тобының студенті Егор Гырля. Олар байқауда жасанды интеллект мүмкіндіктері мен мамандардың сараптамалық жұмысын ұштастыратын киберқауіпсіздік саласындағы Check-IT жобасын таныстырды.

 

Check-IT жобасының ерекшелігі неде және ол қандай мәселені шешуге бағытталған?

 

Жоба үш негізгі бағытты қамтиды. Check it up ақпараттық жүйелердегі осал тұстарды анықтау үшін жасанды интеллект агенттерінің жұмысын үйлестіреді. Check it down – оқиғалар журналын нақты уақыт режимінде талдап, қауіп деңгейін бағалайтын және ықтимал қатерлерге жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін интеллектуалды мониторинг жүйесі. Ал Check-it left бағыты ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейін тәжірибе жүзінде тексеретін волонтер-пентестерлер тобын біріктіріп, бизнес өкілдеріне тиісті қызметтер ұсынады.

 

Осылайша, Check-IT жобасы киберқауіпсіздіктің бірнеше маңызды міндетін қатар шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ақпараттық жүйелердегі осал тұстарды анықтап, ықтимал қауіптерді бақылауға және олардың қорғалу деңгейін тәжірибе жүзінде тексеруге бағытталған.

 

PIZZA PITCH байқауындағы жеңіс – студенттердің еңбегіне берілген жоғары баға әрі жобаны одан әрі дамытуға жасалған маңызды қадам.

 

Нұржан мен Егорды жеңістерімен құттықтаймыз! Жобалары сәтті жүзеге асып, жаңа жетістіктерге жете берсін!