Торайғыров университетінде «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі» білім беру бағдарламасына арналған оқу базасының таныстырылымы өтті.

 

Таныстырылым барысында «География және туризм» кафедрасының меңгерушісі Ғалымбек Ажаев қонақтарға жаңа оқу-практикалық базаның мүмкіндіктерін таныстырды. Кешенде 20 қонақүй бөлмесі, ресепшен аймағы, оқу асүйі және қонақтарға қызмет көрсету залы қарастырылған. Қатысушыларға бөлмелердің жабдықталуы, қонақтарды қабылдауға дайындау және қонақүй қызметін ұйымдастыру ерекшеліктері түсіндірілді.

 

Ресепшен аймағына ерекше назар аударылды. Мұнда студенттер қонақтарды тіркеу және орналастыру, бөлмелерді брондау, кеңес беру және есеп айырысу дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгере алады. Бұл аймақтың жұмыс мүмкіндіктерін студенттердің өздері қазақ және ағылшын тілдерінде көрсетіп берді.

 

Сондай-ақ қонақтар болашақ мейрамхана ісі мамандарын даярлауға арналған оқу асүйі мен қызмет көрсету залын аралады. Кафедраның аға оқытушысы Максим Кочетков өндірістік үдерістерді ұйымдастыру, мәзір әзірлеу, тағамдардың өзіндік құнын есептеу, үстел сервировкасы және қонақтарға қызмет көрсетудің түрлі тәсілдерін үйретуге бағытталған практикалық сабақтардың мазмұнымен таныстырды.

 

TOU Hotel School оқу базасының құрылуы теориялық білімді қонақүй және мейрамхана саласының нақты жұмыс жағдайына барынша жақын ортада тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Енді студенттер кәсіби дағдыларын тікелей университет қабырғасында шыңдап, қонақжайлылық индустриясының негізгі жұмыс үдерістерін тәжірибе жүзінде меңгере алады.