Набережное ауылындағы Чернорецк жалпы білім беретін №2 мектепте қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушысы әрі рухани мұраны жинақтаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің есімі берілген кабинеттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

 

Салтанатты шараға Торайғыров университетінің өкілдері – филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамет Қасымбайұлы Тұрышев пен университет кітапханасының директоры Гүлжан Кеңесқанқызы Аманова қатысты.

 

Жаңа кабинет оқушылардың ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығын тереңірек танып, әдеби мұрасын зерделеуіне, тарих пен ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне мүмкіндік беретін танымдық ортаға айналмақ. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мұрасын мектеп бағдарламасы аясында ғана емес, жас ұрпақтың өз бетінше ізденіп, зерттеуіне жол ашудың да маңызы зор.

 

Торайғыров университеті осы бағыттағы жұмысты мектеппен бірлесе дамытуға ниетті. Университет ғалымдары мен оқытушылары ғылыми-білім беру әлеуетін ортақ іске жұмылдырып, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өмірі мен шығармашылығына арналған танымдық кездесулер, дәрістер және зерттеу жобаларын ұйымдастыруға атсалысуға дайын.

 

Университет үшін мұндай ынтымақтастық мектеп пен жоғары оқу орнының күш-жігерін біріктіріп, рухани мұраны сақтауға және өскелең ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Өйткені тарих пен әдебиетке деген шынайы қызығушылық оларды терең танып-білуден басталады. Ал сол асыл мұраны жас ұрпаққа жеткізіп, қадірін ұғындыру – ортақ міндет.