Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асырып жатқан «КТ-ТЕЛЕКОМ» ЖШС өкілдері Торайғыров университетіне жұмыс сапарымен келді. Кездесу барысында қонақтар университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу әлеуетімен танысып, технологиялық және өндірістік салаларға қажетті мамандар даярлау бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

 

Сапар аясында компания өкілдері Tomorrow School аймақтық кампусының жұмысымен және университеттің цифрландыру бағытындағы негізгі бастамаларымен танысты. Сонымен қатар CNC станоктарында бағдарламалау және модельдеу зертханасын, «Электр энергетикасы», «Автоматтандыру және басқару» бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу зертханаларын, Computer Science факультетінің оқу аудиторияларын, жасанды интеллект зертханасын аралап, білім алушылардың жобаларын көрді.

 

Кездесудің негізгі бөлігі ақпараттық технологиялар, энергетика, автоматтандыру және басқару, аспап жасау, стандарттау және сертификаттау салаларына маман даярлау мәселелеріне арналды. Тараптар білім беру бағдарламаларын саланың қазіргі талаптарына сай жетілдіру, қолданбалы оқу модульдерін әзірлеу, бакалавриат пен магистратура деңгейлерінде нысаналы даярлықты ұйымдастыру және практикалық оқытуды дамыту мәселелерін талқылады.

 

Сондай-ақ студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне, дуальды оқыту мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін кеңейтуге, «КТ-ТЕЛЕКОМ» ЖШС сарапшыларының қатысуымен қонақ дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізуге басымдық берілді. Бұдан бөлек, университет оқытушыларының кәсіби біліктілігін компания базасында тағылымдамадан өту арқылы арттыру жолдары қарастырылды.

 

Кездесу қорытындысы бойынша Торайғыров университеті мен «КТ-ТЕЛЕКОМ» ЖШС ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды. Құжат білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, серіктестікті дамытуға және болашақ мамандардың практикалық даярлығына арналған мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.