Торайғыров университетінде жасанды интеллект негізінде әзірленген жобалар көрмесі өтті. Университеттің әлеуметтік серіктестеріне, кәсіпорындар мен бизнес өкілдеріне, сондай-ақ Павлодар қаласының мемлекеттік органдарының өкілдеріне жаңа технологиялық әзірлемелер таныстырылды.



Көрмеде ерекше назар аудартқан жобалардың бірі – есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға көмектесуге бағытталған Voxly жобасы. Ол ауызша сөйлеуді мәтінге айналдырып, адамдар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сервис оқытушылар мен студенттердің өзара байланысын да қолдауға бағытталған. Осылайша, білім беру ортасының қолжетімді әрі инклюзивті болуына ықпал етеді.



Сонымен қатар, жасанды интеллект көмегімен сұхбаттасуға дайындалуға арналған тренажер мен бағалау жүйесін ұсынатын HR AI, бизнес міндеттерді шешуге бағытталған Nexora, Қазақстандағы тендерлерді жасанды интеллект арқылы іздеуге мүмкіндік беретін TouBuy жобалары таныстырылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік, инклюзивті және ақпараттық сервистерді біртұтас цифрлық ортаға біріктіретін Involve Ecosystem жобасы ұсынылды.
 


Көрме технологиялық әзірлемелерді таныстырып қана қоймай, оларды тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін әлеуетті серіктестермен талқылауға жол ашты. Кәсіпорындар, мемлекеттік органдар мен әлеуметтік серіктестер өкілдерінің қатысуы университет жобаларын қала жұртшылығына кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.