Компьютерді заттарды тануға, ал техникалық құрылғыларды айналада болып жатқан жағдайға өздігінен жауап беруге қалай үйретуге болады? Осындай міндеттерді шешу үшін екі күн бойы студенттер Торайғыров университетінде басталған «AI&Arduino Hack» республикалық хакатонында жұмыс істейді.
 
 
ToU алаңында Қазақстанның бес жоғары оқу орнынан келген 32 студент бас қосты. Олардың қатарында Торайғыров университеті, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, ALT University және Инновациялық Еуразия университетінің студенттері бар.
 
 
Хакатонның демеушісі – іс-шараның ақшалай жүлде қорына қаражат бөлген Halyk Bank. Жүлде қорының жалпы көлемі 700 мың теңгені құрады.
 
 
Хакатонның өткізілуі Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылындағы басым бағыттармен үндеседі. Сонымен қатар, іс-шара цифрлық дағдыларды дамытуға, жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға және елдің технологиялық болашағына қажетті мамандар даярлауға бағытталған Digital Qazaqstan және AI-Sana бастамаларының мақсаттарына сай келеді.
 
 
Алда қатысушыларды екі күндік қарқынды жұмыс, тәжірибе және тың шешімдер іздеу күтіп тұр. Студенттерге жай ғана бағдарлама жазу емес, жасанды интеллект, компьютерлік көру технологиялары мен робототехниканы біріктіре отырып, жұмыс істейтін зияткерлік жүйелердің прототиптерін жасау міндеті жүктелген.
 
 
Басты мақсат – құрылғыларды «көруге» және көргеніне қарай әрекет етуге үйрету. Командалар веб-камера арқылы нысандарды тану жүйелерін әзірлеп, бағдарламалардың Arduino микроконтроллерлерімен байланысын баптап, оларға қосылған құрылғыларды басқаруды үйренеді. Жұмыс барысында Python, OpenCV, MediaPipe және басқа да технологиялық құралдарды қолдануға болады.
 
 
Қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен және бағдарламалық қамтамасыз етумен қамтылған. Командалардың қолында датчиктер, атқарушы құрылғылар мен микроконтроллерлер бар. Олардың көмегімен студенттер өз идеяларын бірден тәжірибе жүзінде сынап, әзірлемелерін құрастырып, жұмысын тексере алады.
 
 
4 қарашада командалар дайын жобаларын сарапшылар назарына ұсынады. Үздік жұмыстарды қазылар алқасы анықтап, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталады. Хакатонның жалпы жүлде қоры – 700 мың теңге. Бұл қаражат бірінші, екінші және үшінші орын иегерлеріне бөлінеді.
 
 
«AI&Arduino Hack» – студенттер үшін өз білімдерін тәжірибе жүзінде сынап, инженерлік дағдыларын жетілдіруге, командада жұмыс істеуді үйренуге және технологиялық идеяларын нақты жұмыс істейтін жобаға айналдыруға берілген мүмкіндік.