Торайғыров университетінде студенттік ректорат Жастар саясаты және әкімшілік қызмет жөніндегі басқарма мүшесі-проректор Индира Оралқановамен кездесті.



Кездесу барысында студенттік ректораттың негізгі жұмыс бағыттары, алдағы жоспарлары және студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Университет ортасын жақсартуға және студенттердің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.



Индира Оралқанова биыл студенттік ректорат құрамына кіруге ниет білдірген үміткерлер саны едәуір көп болғанын атап өтті.



— Жыл сайын студенттік ректоратқа деген сенім арта түседі деп ойлаймын. Сондықтан сіздерге артылар үміт те, жауапкершілік те зор. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! — деді проректор.



Студенттік ректор Станислав Кириченко студенттердің ұсыныстары негізінде әзірленген университеттік ортаны дамыту жоспарын таныстырды. Жоспарда білім алушыларды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу және университет өмірін жетілдіру бағыттары қамтылған.



Айта кетейік, бұл — Торайғыров университетінің тарихындағы алғашқы студенттік ректорат. Кездесу студенттік өзін-өзі басқару ұйымы мен университет басшылығы арасындағы өзара байланысты нығайтуға жасалған маңызды қадам болды. Алдағы бірлескен жұмыс студенттерге маңызды мәселелерді талқылауға, өз бастамаларын ұсынуға және ToU-дың дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.