Марапаттау рәсіміне NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг, сондай-ақ ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысты.
Жеңімпаздар қатарында Торайғыров университетінің бес студенті бар. Олар үш жүлделі орынға ие болып, NVIDIA компаниясының арнайы марапатын жеңіп алды.
«Білім беру» санаты — 1-орын. Ян Курманбаев GhostTech жобасымен жеңімпаз атанды. Сыйақы — Astana Hub ұсынған 5 000 АҚШ доллары және OpenAI токендері түрінде 5 000 АҚШ доллары.
«Энергетика» санаты — 2-орын. Александр Поляков пен Роман Устименко WindCast (RentBox) жобасымен 3 000 АҚШ доллары және OpenAI токендері түрінде 3 000 АҚШ доллары көлеміндегі сыйақыға ие болды.
«Инновациялар» санаты — 3-орын. Станислав Кириченко мен Ислам Күленов QORIT (Alabala – ToU) жобасымен жүлделі орын иеленді. Сыйақы — 2 000 АҚШ доллары және OpenAI токендері түрінде 2 000 АҚШ доллары.
Бұдан бөлек, Alabala – ToU командасы NVIDIA компаниясының «Accelerated AI» арнайы номинациясында жеңіске жетті. Команда NVIDIA технологиялық стегінің негізінде толықтай жергілікті ортада жұмыс істейтін шешім әзірлегені үшін марапатталды. Жүлде ретінде NVIDIA DGX Spark жасанды интеллект суперкомпьютері табысталды. Ол Павлодарда студенттік жобалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға пайдаланылатын болады.
Еске сала кетейік, қыркүйек айында өткен HackAlem AI хакатонына 2 415 қатысушы қатысты. Ұсынылған 1 066 шешімнің ішінен 60 жоба финалға өтті. Хакатон қорытындысы бойынша Торайғыров университеті жоғары оқу орындары арасында жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды.
Студенттердің бұл жетістіктері Қазақстанның энергетикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі саналатын Павлодар облысы үшін айрықша маңызды.


