Торайғыров университетінде «Студенттік көктем» шығармашылық байқауы басталды. Алғаш болып гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенттері өз концерттік бағдарламаларын ұсынды.

 

Қатысушылар вокал, хореография, аспаптық орындау, театр және өзіндік жанр бағыттарында өнер көрсетті. Бағдарламада жеке және топтық орындаулар, хореографиялық қойылымдар, музыкалық нөмірлер мен сахналық композициялар қамтылды.

 

Байқаудың басты мақсаты – студенттердің шығармашылық тұрғыда өзін-өзі танытуына жағдай жасау, талантты жастарды қолдау және олардың қабілеттерін ашуға мүмкіндік беру. Қазылар алқасы орындаушылық шеберлік, әртістік, сахна мәдениеті, қойылымның ерекшелігі мен күрделілігі, сахналық образ және бағдарламаның жалпы сапасы секілді өлшемдер бойынша бағалайды.

 

«Студенттік көктем» екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең аясында қыркүйек пен ақпан аралығында факультеттер мен Жоғары колледж өз концерттік бағдарламаларын ұсынады. Қазылар алқасы іріктеген үздік нөмірлер наурыз айында өтетін қорытынды Гала-концерт бағдарламасына енеді.

 

Келесі кезекте өз шығармашылық бағдарламасын сәулет-құрылыс факультеті ұсынады. Көрермендерді «Студенттік көктемнің» талантты қатысушыларымен жаңа кездесу, музыкаға, биге және шығармашылыққа толы тағы бір әсерлі кеш күтеді.