Қазіргі ғылымдағы әйелдің рөлі қалай өзгеріп келеді? Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қандай мүмкіндіктерге жол ашады? Жас зерттеуші әйелдерді қолдау үшін не қажет?
Осы мәселелер Қазақстан Республикасының Жоғары білім беру қызметкерлері күніне орай Торайғыров университетінде өткен «Ғылымдағы әйел: цифрлық трансформация және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің негізгі өзегіне айналды. Жиынға Торайғыров университетінің басқарма-мүшесі, стратегиялық даму, халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі проректоры Салтанат Аубакирова модераторлық етті.
Іс-шара спикерлері: «Әділет» партиясы облыстық филиалының Өңірлік әйелдер қанатының төрайымы Света Абдраманова; филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Ольга Андрющенко; экономика ғылымдарының докторы, профессор, ИнЕУ Бизнес және іскерлік әкімшілендіру мектебінің директоры Айна Нарынбаева; PhD докторы, Әлкей Марғұлан атындағы ППУ қауымдастырылған профессоры Айгуль Ахметова; Торайғыров университеті бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу бөлімінің цифрлық офицері Аида Жиенбаева.
Қатысушылар ғылыми-зерттеу қызметінде жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды қолдану, цифрлық құзыреттерді дамыту, жас зерттеуші әйелдерді қолдау және ғылым саласында әйелдердің кәсіби тұрғыдан жүзеге асуына қажетті жағдайлар жасау мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ бірлескен ғылыми, білім беру және қоғамдық жобаларды жүзеге асыру перспективаларына ерекше назар аударылды. Дөңгелек үстел ашық кәсіби пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және жаңа идеяларды талқылауға мүмкіндік берген пікірталас алаңына айналды.














