Торайғыров университеті – Павлодар облысында OMIR ұлттық стандарты бойынша экологиялық сертификаттаудан өтіп, «КҮМІС» деңгейіне ие болған алғашқы университет.
Сертификаттаудан Торайғыров университетінің №3 кампусы өтті. Тәуелсіз бағалауды Қазақстанның жасыл құрылыс жөніндегі кеңесі (KazGBC) жүргізді. Аудит нәтижесінде нысан 53 балл жинап, стандарт талаптарына сәйкестігін растады.
Бағалау барысында ғимараттың экологиялық тұрақтылығы, энергия тиімділігі, ресурстарды ұтымды пайдалану, ішкі ортаның сапасы, сондай-ақ ғимаратты пайдалану қауіпсіздігі мен тұрақтылығы сияқты негізгі көрсеткіштер ескерілді. Университеттің экологиялық инфрақұрылымында кампустың энергия қажеттілігінің бір бөлігін қамтамасыз ететін жаңартылатын энергия көздері де қолданылады.
Іс-шара аясында Торайғыров университеті мен Қазақстанның жасыл құрылыс жөніндегі кеңесі өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат жасыл құрылыс, экологиялық тұрақтылық және тұрақты даму қағидаттарын университеттік ортаға енгізу бағыттарындағы одан әрі ынтымақтастықты көздейді.
Сонымен қатар TOU қызметкерлері мен білім алушылары үшін жасыл ғимараттардың Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі рөлі және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру тақырыптарында дәрістер ұйымдастырылды. Дәріс спикерлері – KazGBC директоры, Ph.D. Александр Белый және KazGBC техникалық директоры, MSc Айман Шопаева.
OMIR сертификатының «КҮМІС» деңгейіне ие болу – Торайғыров университетінің экологиялық инфрақұрылымын дамыту және заманауи, тұрақты университеттік ортаны қалыптастыру бағытындағы кезекті маңызды қадамы.







