Торайғыров университеті Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Медетов Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесулер өткізді. Тараптар жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.



Әзербайжан тілдер университетінің ректоры Камал Мехти оглы Абдуллаевпен кездесуде академиялық өзара іс-қимылды кеңейту, магистранттар мен докторанттарға ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, сондай-ақ шетелдік консультанттарды шетел филологиясы және аударма ісі бағыттарындағы білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту мәселелері талқыланды.
 


Әзербайжан техникалық университетінің ректоры Вилаят Мамед оглы Велиевпен кездесуде кадр даярлау және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, Әзербайжан техникалық университетінің профессорларын TOU-ға шетелдік ғалымдар ретінде тарту, магистранттар мен докторанттарға бірлескен ғылыми жетекшілік ету, сондай-ақ металлургия, энергетика, автоматтандыру, өнеркәсіптік робототехника, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.
 


Бірлескен ғылыми жарияланымдар әзірлеуге және халықаралық гранттық жобаларға қатысуға арналған өтінімдер дайындауға да ерекше назар аударылды. Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар білім, ғылым, академиялық ұтқырлық және халықаралық ынтымақтастық салаларындағы әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді.