Торайғыров университетінде мұнай-газ және мұнай өңдеу салаларында қызмет көрсететін жетекші қазақстандық инжинирингтік компания - AVC Group өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.
Университетке компанияның HR-директоры Павел Летута, әкімшілік директоры Дулат Абдугалимов, HR-менеджері Анель Кабылбекова және менеджері Ксения Мухтарова келді.
Кездесу барысында, ең алдымен, инженерлік кадрларды даярлау және олардың кәсіби әлеуетін дамыту бағытындағы одан әрі ынтымақтастықтың нақты бағыттары талқыланды.
Атап айтқанда, автоматтандыру және басқару, химиялық технологиялар, мұнай-газ ісі бағыттары бойынша мамандар даярлау, студенттердің компания базасында өндірістік практикасы мен тағылымдамасын ұйымдастыру, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамының AVC Group өндірістік алаңдарында, оның ішінде шетелде тағылымдамадан өту мүмкіндіктері қарастырылды.
Сонымен қатар, индустрияның өзекті талаптарын ескере отырып, практикалық бағытталған оқытуды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесудің маңызды бағыттарының бірі - студенттерді әлеуметтік қолдау мәселесі болды. AVC Group Торайғыров университетінің білім алушыларына 10 атаулы стипендия тағайындауға дайын екенін білдірді.
Жұмыс кездесуі аясында AVC Group өкілдері Торайғыров университетінің материалдық-техникалық базасымен танысып, Химия және химиялық технологиялар кафедрасының зертханалары мен мүмкіндіктерін көрді.
Университет үшін мұндай ынтымақтастық - білім беру үдерісін өнеркәсіптің нақты міндеттерімен одан әрі тығыз байланыстыруға мүмкіндік береді. Ал студенттер үшін бұл - практикалық тәжірибе жинақтауға, кәсіби байланыстар орнатуға және болашақ мансабын қалыптастыруға қосымша мүмкіндіктер.





