Торайғыров университетінде биылғы түлектерге диплом табыстау салтанаты бастау алды. Алғашқы күні Архитектура және құрылыс факультетінің - 112, Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің - 99, Инженерия факультетінің - 134 бакалавр түлегіне диплом табысталып, олар үлкен өмірге және кәсіби еңбек жолына сеніммен қадам басты.
Биылғы диплом табыстау рәсімінің еліміздің Жаңа Конституциясының күшіне енген күнімен тұспа-тұс келуі ерекше символдық мәнге ие. Себебі жаңа конституциялық құндылықтар жастардың сапалы білім алуына, ғылымды дамытуға, инновациялық ойлауды қолдауға және елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға басымдық береді. Осындай тарихи күні диплом алған жас мамандар – осы құндылықтарды нақты іспен жүзеге асыратын жаңа буын өкілдері.
Торайғыров университеті өз қызметін білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамытумен ғана шектемей, қоғамның тұрақты дамуына үлес қосатын үшінші миссиясын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бүгін қанат қаққан түлектердің кәсіби білімі, азаматтық жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігі өңірдің және еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қызмет етеді деп сенеміз.
Бүгінгі диплом – бірнеше жылдың еңбегінің нәтижесі ғана емес, сіздерге артылған үлкен сенімнің белгісі. Университет қабырғасында жинақтаған білімдеріңіз, қалыптастырған кәсіби құзыреттеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз қай салада еңбек етсеңіздер де берік тірек болып, жаңа белестерді бағындыруға жол ашсын.
Сіздерге жарқын болашақ, батыл бастамалар, кәсіби табыс және ел игілігі жолындағы жемісті еңбек тілейміз. Торайғыров университетінің түлегі деген мәртебені әрдайым абыроймен алып жүретіндеріңізге сенім білдіреміз.







