Торайғыров университетінде ғылыми жетекшілерге, ғылыми қызметкерлерге, өнертапқыштарға, докторанттар мен профессор-оқытушылар құрамына арналған «Зияткерлік меншікті басқару» тақырыбындағы семинар ұйымдастырылды.

 

 

Іс-шараны Торайғыров университетінің Ғылыми әлеуетті және зияткерлік меншікті дамыту бөлімі Павлодар облысы Әділет департаментінің Зияткерлік меншік құқықтары бөлімімен бірлесіп өткізді.

 

 

Инновациялық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында зияткерлік қызмет нәтижелерін жасау, құқықтық қорғау және коммерцияландыру мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отыр. Қазіргі таңда жоғары оқу орындары білім беру мекемелері ғана емес, сонымен қатар өнертабыстар, пайдалы модельдер, компьютерлік бағдарламалар және экономиканың нақты секторында қолдануға болатын өзге де әзірлемелер жасалатын ғылыми-инновациялық орталықтар ретінде маңызды рөл атқарады.

 

 

Семинар спикерлері ретінде Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілі, Торайғыров университетінің Ғылыми әлеуетті және зияткерлік меншікті дамыту бөлімінің патенттанушысы Александр Абраменко және Павлодар облысы Әділет департаментінің Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Әділ Түкенов сөз сөйледі.

 

 

Семинар барысында қатысушылар университеттік ортада зияткерлік меншікті тиімді басқарудың негізгі тетіктерін талқылады. Әсіресе ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың практикалық қырларына назар аударылып, зияткерлік меншік объектілерін лицензиялау және оларға құқықтарды беру, spin-off компанияларын құру, академиялық кәсіпкерлікті дамыту, технологиялар трансфері мен бизнес құрылымдарымен өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ зияткерлік меншік объектілерінің нарықтық құнын бағалау мәселелері қарастырылды.

 

 

Семинардың басты мақсаты – ғылыми әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізу тетіктерін жетілдіру, университеттің инновациялық қызметінің тиімділігін арттыру және ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар іс-шара университет қызметкерлері мен білім алушыларының құқықтық сауаттылығын арттыруға, зияткерлік меншік саласындағы білімдерін кеңейтуге және оның заманауи университеттің стратегиялық ресурсы ретіндегі маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.