Бүгін Торайғыров университетінде «Арлан» студенттік құрылыс жасағы мен «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының жаңа еңбек маусымының салтанатты ашылуы өтті.

 


Студенттік еңбек жасақтары – жастардың еңбек мәдениетін қалыптастырып, жауапкершілік пен қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Жазғы кезеңде жасақ мүшелері университет инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асырады.

 


«Арлан» студенттік құрылыс жасағы оқу ғимараттары мен жатақханалардағы құрылыс және жөндеу жұмыстарына қатысып, университеттің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға атсалысады. Ал «Жасыл Ел» еңбек жасағы қоршаған ортаны қорғау, жасыл аймақтарды күтіп-баптау және экологиялық мәдениетті дәріптеу бағытындағы жұмыстарды жүргізеді.

 


Еңбек маусымы жастар үшін тәжірибе жинақтап қана қоймай, кәсіби дағдыларын жетілдіруге, ұжымдық жұмыс қағидаттарын меңгеруге және азаматтық ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.

 


Университет басшылығы жасақ мүшелеріне табысты еңбек, жаңа жетістіктер мен нәтижелі маусым тіледі.

 


Студенттік еңбек жасақтарының қызметі жастардың бастамашылдығы мен еңбекқорлығын айқындап, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады.