Торайғыров университетінде студенттерді, оқытушыларды және жасанды интеллект саласындағы халықаралық сарапшыларды біріктірген ауқымды білім беру жобасы — Impact AI хакатонының қорытынды марапаттау рәсімі өтті. Хакатон үндістандық SaveMom компаниясымен халықаралық ынтымақтастық аясында, компания негізін қалаушы Senthil Kumar Murugesan жетекшілігімен ұйымдастырылды. Іс-шара 10 апталық білім беру бағдарламасының қорытынды кезеңі болды. 7 ақпан мен 25 сәуір аралығында өткен курс нәтижесінде қатысушылар заманауи AI технологияларын меңгеріп қана қоймай, өздерінің инновациялық жобаларын әзірледі.



Жоба AI-Sana мемлекеттік бастамасымен үндесіп, жасанды интеллект экожүйесін дамытуға және білікті мамандар даярлауға бағытталды.



Салтанатты шараға Торайғыров университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Нұрлан Әмірұлы Медетов, Стратегиялық даму, халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі Басқарма мүшесі-проректор Салтанат Советқызы Аубакирова және цифрландыру саласының мамандары қатысты.



Хакатон барысында қатысушылар жасанды интеллектті түрлі салаларда қолдануға арналған жобаларын таныстырды. Олардың қатарында жұмысқа орналасуға көмектесетін AI-сервис, кадрларды іріктеу жүйесі, әлеуметтік желілерге арналған AI-ассистент, коммерциялық нысандарды инвестициялық бағалау жүйесі және көлік қозғалысын оңтайландыруға арналған TrafficBrain жобасы болды. Сонымен қатар студент Қаирбай Тамерлан Сағадатұлы әзірлеген робототехникалық жоба көрсетілді.



Хакатон қорытындысы бойынша келесі білім алушылар марапатталды:



III орын — Хасанали Тимурович Габдулманап және Павел Васильевич Пичугин
II орын — Нурлыбек Жаскайратулы Нурмухан және Дмитрий Александрович Беляев (TrafficBrain)
I орын — Ксения Владимировна Ефименко және Алия Назымбековна Тутенова

 

Қатысушылар мен жеңімпаздарға алғыс хаттар беріліп, университетіміздің имидждік өнімдері сыйға тартылды. Сондай-ақ Торайғыров университетінің студенттік TITAN IT ұйымына университет басшылығы тарапынан кофемашина сыйға тартылды.



Impact AI хакатоны студенттердің жоғары дайындығын, инновациялық ойлау қабілетін және жасанды интеллект саласындағы практикалық шешімдер әзірлеуге дайын екенін көрсетті. Университетіміздің ЖИ экожүйесін дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін SaveMom компаниясына алғысымызды білдіреміз.