Торайғыров университетінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты мерекелік шара ұйымдастырылды. Тағылымы мол кешке университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер мен білім алушы жастар қатысып, ел тарихындағы маңызды даталардың мән-маңызына ерекше тоқталды.

 

 

Ұлы Жеңіс күніне орай өткізілген салтанатты шара сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін жанын қиған батыр бабаларымыздың рухына тағзым етіп, 1 минут үнсіздік жариялаудан басталды. Бұл – майдан даласында ерлік көрсеткен қаһармандарға деген құрметтің айқын көрінісі болды.

 

 

Кеш барысында университеттің “Мұрагер” студенттік театры соғыс жылдарының ауыр кезеңдерін бейнелейтін сахналық қойылым ұсынды. Сонымен қатар, сұрапыл жылдары дүниеге келген патриоттық әндер шырқалып, көрермендерге өткен тарихтың өшпес рухын сезіндірді.

 

 

Торайғыров университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Нұрлан Әмірұлы Медетов құттықтау сөз сөйлеп, бұл мерекелердің ел тарихындағы орнына тоқталды. Өз сөзінде:
“Отан қорғаушылар күні - мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қорғап жүрген азаматтарға деген құрметтің белгісі. Жеңіс күні - адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірінде ерлік пен табандылықтың арқасында келген бейбіт өмірімізді еске салатын маңызды күн”, - деп атап өтті.

 

 

Сондай-ақ университет ұжымының арулары Отан қорғаушылар күніне арнайы дайындаған мерекелік концерттік бағдарламасын көпшілік назарына ұсынып, ән мен биден шашу шашты. Әсем әуен, көтеріңкі көңіл-күй және жүрекке жеткен өнер көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік кештің шырайын аша түсті.