Қазақстан Республикасында су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау мәселесі қазіргі кезеңде стратегиялық маңызға ие. Климаттық өзгерістер мен су тұтынудың артуы жағдайында бұл мәселе экологиялық шеңберден шығып, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың маңызды факторына айналып отыр.
Осы бағытта Торайғыров университеті базасында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Суды үнемде — болашақты сақта» атты эко-сағат өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты — су ресурстарына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, экологиялық сауаттылықты арттыру және суды тиімді пайдалану дағдыларын кеңінен насихаттау. Аталмыш жиынға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі аппаратының басшысы Дәурен Қазантаев, Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сайран Төлеутаев, облысымыздың төрт жоғары оқу орнының оқытушылары мен білім алушылары қатысуда, сондай-ақ колледж студенттері онлайн форматта қосылды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі аппаратының басшысы Дәурен Қазантаев суды үнемдеу табиғатты қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Оның мәлімдеуінше, елімізде су сапасын сақтау мақсатында 160-тан астам кешенді іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар, жастарды экологиялық жауапкершілікке тарту, волонтерлік қозғалыстарды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сайран Төлеутаев өз баяндамасында өңірлік деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, жаңа Су кодексінің маңызын, Ертіс өзенін тазарту шараларын және су ресурстарын үнемдеу бағытындағы бастамаларды атап өтті. Ол суды ұтымды пайдалану мәселесі қоғамдық санада берік орнығуы тиіс екеніне тоқталды.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Экология саласына қосқан елеулі үлесі және «Суды үнемде — болашақ үшін сақта!» атты әлеуметтік маңызы жоғары жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің Алғыс хатымен бірқатар мамандар марапатталды. Атап айтқанда, «Биология және экология» кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы Канат Комбарұлы Ахметов, «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Иван Михайлович Раделюк және стратегиялық жоспарлау және сапа менеджменті орталығының басшысы, PhD Нариман Бейбітұлы Мапитов, “Агротехнология” кафедрасының қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Виктор Александрович Камкин, “География және туризм” кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Алина Александровна Фаурат жоғары марапатқа ие болды.
Аталған эко-сағат ғылыми және қоғамдық пікір алмасудың маңызды алаңына айналып, қатысушылар су ресурстарын сақтаудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады. Мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті нығайтуға және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге ықпал етеді.








