Бүгін мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында еліміз бойынша Tomorrow School жасанды интеллект мектептер желісі іске қосылды.

 


Бұл peer-to-peer форматындағы AI мектебі Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен Торайғыров университеті базасында ашылды. Іс-шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева, Торайғыров университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Нұрлан Медетов және өңірлік жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысты.

 


Бұл мектепте кәмелет жастан асқан, соның ішінде ақпараттық технология саласына жаңа қадам басқан азаматтар тегін білім алады. Tomorrow School білім беру үлгісі дәстүрлі дәрістерден гөрі тәжірибеге, өзіндік ізденіске және жобалық жұмысқа негізделген. Оқу бағдарламасы жасанды интеллект, бағдарламалық жасақтама әзірлеу, fullstack, DevOps, киберқауіпсіздік және IT жүйелер архитектурасы секілді сұранысқа ие бағыттарды қамтиды.

 


Павлодарда филиалдың ашылуы — жастар үшін жаңа көкжиектерге жол ашатын маңызды қадам. Бұл бастама аймақтық кадрлық әлеуетті нығайтып қана қоймай, сапалы IT-білімнің географиялық тұрғыдан қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шешім екенін көрсетеді.