Торайғыров университетінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, профессор Б.А. Мустафаевтың ғылыми мұрасына арналған тағылымды іс-шара өтті. Агротехнология кафедрасында ұйымдастырылған монография таныстырылымы ғалымның көпжылдық еңбегін ғылыми ортаға кеңінен таныстыруға бағытталды.

 

«Қазақстанның солтүстік-шығысында дәнді дақылдардың заманауи агротехнологиялары» атты еңбек – өңірдің топырақ-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға арналған ғылыми негізделген зерттеу. Монографияда ұсынылған тәсілдер дәнді дақылдарды өсірудің инновациялық әдістерін енгізуге, өнім сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Іс-шара барысында құттықтау сөз сөйлеген проректор Р.Ж. Нургожин автордың ғылыми мұрасының маңыздылығына тоқталып, оның аграрлық ғылымды дамытудағы орнына жоғары баға берді. Университеттегі кәсіби қызметі туралы Т.К. Бексеитов баяндап, профессордың жас мамандарды даярлаудағы ерекше рөлін атап өтті. Ғалымның ғылыми және өмір жолы жөнінде С.У. Аскаров мазмұнды баяндама жасаса, өмірбаяны Т.А. Кабыкенов тарапынан жан-жақты таныстырылды. Сонымен қатар шәкірттері А.К. Сарбасов пен З.Е. Какежанова ұстаздары жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, оның тұлғалық болмысы мен тәлімгерлік қырын айқындай түсті.

 

Аталған монографияның ғылыми және практикалық маңызы айрықша. Еңбекте ұсынылған тұжырымдар ауыл шаруашылығы өндірісін ғылыми тұрғыда жаңғыртуға, ресурстарды тиімді пайдалануға және климаттық өзгерістер жағдайында аграрлық сектордың тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Бұл зерттеу нәтижелері агроөнеркәсіп кешенін дамытуға серпін беріп қана қоймай, болашақ мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге маңызды әдістемелік негіз қалыптастырады.