Республикалық оқу-әдістемелік бірлестік аясында Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ және шетелдік талапкерлерге арналған дайындық бөлімі бойынша бірқатар жоғары оқу орындары Моңғолия елінде кәсіптік бағдар беру іс-шараларын өткізуде.
 
 
Аталған бастамаға Торайғыров университеті, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Х.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті қатысуда.
 
 
Республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің негізгі мақсаты – шетелдік азаматтар мен қазақ диаспорасы өкілдерін Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне сапалы түрде даярлау. Бұл бағытта талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеу пәндері бойынша білім беру, қазақ және орыс тілдерін тереңдетіп оқыту, сондай-ақ олардың еліміздегі академиялық және әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолдау көрсету көзделген.
 
 
Іс-шаралар Моңғолияның Баян-Өлгий және Ховд қалаларында өткізіліп, өңірлік білім басқармаларының өкілдерімен және мектеп бітіруші түлектермен мазмұнды кездесулер ұйымдастырылуда. Кездесулер барысында қатысушыларға Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің ерекшеліктері, қабылдау талаптары және «Study in Kazakhstan» бағдарламасының мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынылуда.
 
 
Бұл бастама шетелдегі қазақ жастарына сапалы білім алуға жол ашып қана қоймай, олардың тарихи Отаны – Қазақстанмен білім және мәдени байланыстарын нығайтуға ықпал етеді.