Торайғыров университеті базасында Ғылым қызметкерлері күніне орай жас зерттеушілерді, оқытушылар мен докторанттарды біріктірген Жас ғалымдар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Кездесу барысында жастар ғылымын дамыту, жас зерттеушілердің ғылыми кеңістігіндегі белсенділігін арттыру, сондай-ақ кәсіби диалог пен бастамаларды іске асыру алаңы ретінде кеңес қызметін жетілдіру мәселелері талқыланды.

 

Іс-шараға Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Медетов және Ғылыми жұмыс пен зерттеулерді коммерцияландыру жөніндегі басқарма мүшесі – проректор Марат Келдібеков қатысты.
Отырыс аясында кеңестің атқарған жұмыстары туралы есеп ұсынылып, кейін «сұрақ–жауап» форматында ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар ғылыми ортаны дамытуға қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстар мен алдағы даму бағыттарын саралады.

 

Ректор өз сөзінде ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың маңызын атап өтіп, зерттеулерді экономиканың нақты сұраныстарына бейімдеу қажеттігін жеткізді. Бұл бағыт Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылыми қауымдастықпен кездесуінде де айқындалған.

 

Сонымен қатар жас ғалымдардың ғылыми белсенділігін арттыру мақсатында жыл сайын 30 миллион теңгеге дейін қаржыландыруды көздейтін бастама ұсынылды. Бұған қоса, Q1/Q2 санатындағы журналдардағы жарияланымдарды ынталандыру, PhD дәрежесін алу үдерісін қолдау, халықаралық конференцияларға қатысу шығындарын өтеу, әзірлемелерді патенттеу және атаулы стипендияларды ұлғайту секілді қолдау мәселелері қарастырылды.

 

Аталған отырыс ашық пікір алмасуға жағдай жасап, жас ғалымдарды қолдау, зерттеушілік мәдениетті қалыптастыру және университеттің ғылыми әлеуетін күшейту басым бағыт ретінде айқындалғанын көрсетті.