Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінде Торайғыров университеті әскери кафедрасының 90-нан астам студентіне арналған “Ашық есік” күні жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру, олардың патриоттық сезімін қалыптастыру және Қазақстан Қарулы Күштері туралы жан-жақты мәлімет беру болды.

 

 

Іс-шара барысында студенттер әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен жақын танысып, сарбаздардың күнделікті өмірін өз көздерімен көрді. Қонақтар казармаларды, оқу-жаттығу алаңдарын, қару-жарақ сақталатын орындарды аралап, әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайымен танысты. Әскери қызметкерлер студенттерге тәртіп, жауапкершілік және жауынгерлік дайындықтың маңыздылығы туралы кеңінен түсіндіріп өтті.

 

 

Сонымен қатар, арнайы ұйымдастырылған көрмеде заманауи әскери техника мен қару-жарақ түрлері көрсетіліп, олардың техникалық сипаттамалары мен қолданылу ерекшеліктері туралы толық ақпарат берілді. Студенттер әскери техникаларды жақыннан көріп қана қоймай, кейбірінің құрылымымен танысып, мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

 

 

Іс-шараның маңызды бөліктерінің бірі – сарбаздардың асханасына жасалған экскурсия болды. Мұнда студенттер әскери қызметшілердің тамақтану жүйесімен танысып, ас мәзірінің құрамы мен сапасы туралы ақпарат алды. Бұл олардың әскери өмірдің тек жаттығу мен тәртіптен ғана тұрмай, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың да жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көз жеткізуіне мүмкіндік берді.

 

 

Ашық есік күні достық әрі еркін форматта өтіп, студенттер мен әскери қызметкерлер арасында ашық диалог орнады. Мұндай кездесулер жастардың әскери қызметке деген көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауына ықпал етеді.