Айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасымен танылған, от ауызды, орақ тілді ақын Қарлығаш Әубәкірова жастармен жүздесіп, рухани-танымдық дәріс өткізді.

 

 

Кездесу барысында ақын «Жүсіпбек Аймауытұлының аудармалары» тақырыбында кеңінен әңгіме өрбітті. Ол қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Аймауытұлы еңбектерінің маңызын атап өтіп, аударма саласындағы ерекшеліктеріне тоқталды. Студенттер үшін бұл дәріс тек теориялық емес, терең ой салатын, әдеби мұраның құндылығын ұғындыратын мазмұнды кездесу болды.

 

 

Шараға Филология және журналистика кафедрасының студенттері белсене қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ашық форматта өткен сұхбат барысында жастар мен ақын арасында еркін пікір алмасу орын алды.

 

 

Кездесу соңында Қарлығаш Әубәкірова қазақтың қасиетті қара домбырасын қолға алып, қыздарға арнап терме орындады. Әсерлі әуен мен мағыналы сөздер кештің көркін кіргізіп, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.

 

 

Бұл тағылымды басқосу студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды тереңірек тануға мүмкіндік берді.