Қоғаммен байланыс жұмыстарының құрамдас бөлігі ретінде Торайғыров университеті орталық алаңда қала тұрғындарына арнап «Жеті қазына DIGITAL» көрмесін ұйымдастырды. Жобаның тұжырымдамасы қазақ халқының дәстүрлі «Жеті қазына» ұғымымен үндестіріліп, “Ер жігіт”, “Сұлу әйел”, “Ақыл мен білім”, “Берен мылтық”, “Жүйрік ат”, “Қыран бүркіт” және “Құмай тазы” бейнелері арқылы цифрлық форматта жаңаша сипатта таныстырылды.



Іс-шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды заманауи цифрлық технологиялармен сабақтастыра отырып, олардың білім беру үдерісіндегі қолданыс аясын кеңінен таныстыру. Көрме барысында университеттің білім беру бағдарламаларында қолданылатын цифрлық шешімдер, инновациялық платформалар мен интерактивті құралдар көпшілік назарына ұсынылды.



Орталық алаңда өткен көрме Павлодар қаласының тұрғындары үшін ашық форматта ұйымдастырылып, келушілерге цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін тәжірибелік тұрғыда зерделеуге жағдай жасалды.



Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов көрменің мазмұнымен танысты. Аталған жоба цифрландыру кезеңінде ұлттық мұраны жаңаша пайымдап, оны қоғамдық игілікке тиімді енгізудің үлгісі ретінде бағаланды.