Цифрлық Наурызнама декадасы аясында Торайғыров университетінде «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік концерт ерекше сән-салтанатпен өтті.

 

 

Наурыз — тек табиғаттың түрленуі ғана емес, адам жанының жаңғыруы. Университет үшін бұл мейрам – ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ортақ рухани кеңістікті қалыптастыратын маңызды кезең. Осындай тағылымды шаралар білім ордасында жастардың ұлттық болмысын терең түсініп, мәдени мұраға деген құрметін арттыра түседі.

Мереке барысында қазақтың тұрмыс-салт жыры — жарапазан шырқалып, ұлттық дәстүрдің көркем өрнегі айқын сезілді. Әр факультет ұлттық тағамдардан жайылған дастархан арқылы қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлығын танытты.

 

 

Сахна төрінде университеттің дарынды студенттері мен оқытушылары өнер көрсетіп, ән мен күй, би арқылы мерекенің шырайын кіргізді. Әрбір қойылым көрерменге жылылық сыйлап, Наурыздың шынайы рухын сезінуге мүмкіндік берді.

 

 

Шара соңында ақсақалдар алқасының ақ батасы беріліп, кеш мазмұны терең рухани мәнмен түйінделді. Бұл — өткен мен бүгінді жалғаған, ізгілікке бастар жолды нұсқаған тағылымды сәт болды.