Торайғыров университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Нұрлан Медетов Павлодар облысының ресми делегациясы құрамында Ресей Федерациясының Омбы облысында жұмыс сапарымен болды.

 


Сапар аясында делегация Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған «Ертіс: достық өзені – даму өзені» атты халықаралық форумға қатысты.

 


Күннің екінші жартысында Н. Медетов серіктес жоғары оқу орындарының өкілдерімен – П.А. Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университеті және Ф.М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің басшыларымен бірқатар іскерлік кездесулер өткізді.

 


П.А. Столыпин атындағы ОмМАУ ректоры Оксана Шумаковамен өткен кездесудің қорытындысы бойынша «Агрономия» мамандығы бойынша магистратура деңгейінде қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру, мал шаруашылығы саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.

 


Ф.М. Достоевский атындағы ОмМУ ректорымен өткен кездесу де конструктивті сипатта өтті. Тараптар университет базасында Торайғыров университетінің Қазақ тілі мен мәдениеті орталығын одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, білім беру бастамаларын кеңейтудің басым бағыттарын айқындады.

 


Аталған жұмыс сапары Торайғыров университеті мен Омбы облысының жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтудың маңызды кезеңіне айналып, білім, ғылым және мәдениет салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашты.