«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кәсіпорындары мен өңірлерінің ғылыми-технологиялық дамуы» тақырыбындағы Агрохакатонның ғылыми-технологиялық сессиясы биыл Көкшетау қаласында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қолдауымен өтті. ҒТК жұмысына 72 зерттеуші және 17 өнеркәсіптік кәсіпорын қатысып, бағалауға дайындалған 9 техникалық прототип ұсынылды.
Торайғыров университеті атынан Агрохакатонға ауылшаруашылық ғылымдары факультетінің деканы, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жастлек Уахитов, «Агроинновациялар және биотехнология» ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қайролла Ахажанов; зоотехнология және ветеринария кафедрасының профессоры, PhD Талғат Сейтеуов; PhD, қауымдастырылған профессор Жанат Титанов; агротехнология кафедрасының қауымдастырылған профессор, биология ғылымдарының кандидаты Виктор Камкин қатысты.
Сессияның ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ualikhanov University Басқарма Төрағасы-ректор Марат Сырлыбаев және Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мурат Балпан қатысты.
Министр өз сөзінде қазіргі ғылымның қолданбалы бағытын күшейтудің маңыздылығын атап өтті: «Шынайы сектор мен ғылымды тоғыстыратын, бизнес өкілдері мен өндірістік ұйымдарды жергілікті атқарушы органдармен бір алаңда біріктіретін осындай сессияларды өткізу аса маңызды», – деді ол.
Екі күндік жұмыстың нәтижесінде агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары үшін оннан аса басым R&D міндеттері айқындалып, 9 бастапқы техникалық прототип әзірленді. Сондай-ақ кейінгі коммерцияландыруға жоғары әлеуеті бар жобалар анықталды.
Торайғыров университетінің командасы отандық бизнес үшін аса өзекті әрі практикалық маңызы жоғары дайын жобаларын ұсынды, атап айтсақ:
– «Кәсіпорынның жем-шөп базасын ескере отырып, ІҚМ бордақылау тиімділігін арттыру»;
– «Жануарлардың жылу стрессіне табиғи төзімділігін ескере отырып, өнімділікті арттыруға бағытталған қоректендіру жүйесін әзірлеу»;
– «Карбонды орман-алқаптық қорғаныш жолақтары».
Потенциалды инвесторлардан құралған конкурстық комиссия бірауыздан ең егжей-тегжейлі және практикалық тұрғыда тиімді жоба ретінде Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Виктор Камкин ұсынған «Карбонды орман-алқаптық қорғаныш жолақтары» жобасын таныды.
Жоба 250 мың гектар ауылшаруашылық алқабына есептелген. Алғашқы 10 015 мың еуро инвестиция арқылы ол өнімділікті 15%-ға арттырып, жыл сайын 11 904 мың еуро көлемінде табыс әкелуге қабілетті. Бұл табыстың негізгі көздері – өнім көлемінің өсуі, су және жел эрозиясының төмендеуі, сондай-ақ карбондық төлемдер.
Агрохакатон өңірлердің орнықты дамуы мен аграрлық саланың технологиялық бәсекеге қабілеттілігін көтеруде ғылым мен өндіріс арасындағы серіктестікті нығайтудың тиімді алаңы болды. Бұл іс-шараны өңірлік ғылымды дамытуға және жобалардың сапасын арттыру мақсатында бизнес-экспертизаны күшейтуге бағытталған Комитет жұмысының маңызды қадамы ретінде қарастыруға болады.





