Техника ғылымдарының кандидаты Ризагүл Дюсованың жетекшілігімен AP19175752 «Жоғары октанды бензиндер мен хош иісті көмірсутектерді дайындау технологиясының энергия үнемдеуін және ресурс тиімділігін ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» атты жобасы табысты аяқталуда.
Бұл зерттеу – жоғары октанды бензиндер мен хош иісті көмірсутектер өндіру технологиясын жаңғыртып, энергияны үнемдеу мен ресурсты тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыс. Команда каталитикалық риформинг үдерістерін математикалық модельдеу арқылы мұнай өңдеудің тиімділігін арттырып қана қоймай, оның экологиялық қауіпсіздігін күшейтуге де үлес қосты.
Бұл тақырыптың Торайғыров университеті үшін маңызы ерекше. Себебі өңірдің индустриялық дамуы, мұнай-химия және энергетика саласының қарқыны жоғары. Университет осы бағыттағы ғылыми ізденістер арқылы аймақ кәсіпорындарымен өзара байланысты нығайтып, өндірістің нақты міндеттерін шешуге атсалысады. Сонымен қатар осындай іргелі жобалар университеттің ғылыми мектебін күшейтіп, студенттер мен жас ғалымдарға заманауи технологиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл – TOU-дың еліміздің энергетика және мұнай-химия саласының ғылыми орталығына айналу жолындағы үлкен қадамы.
Жоба нәтижесінде:
• арнайы әзірленген компьютерлік бағдарлама авторлық құқық куәлігін алды;
• отандық рецензияланатын журналдарда ғылыми мақалалар жарияланды;
• зерттеу қорытындылары халықаралық және республикалық конференцияларда таныстырылды.
Бұл жетістік – университет ұжымының кәсіби деңгейінің, ғылыми әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейтін маңызды көрсеткіш. Сонымен қатар, еліміздің мұнай-химия саласын дамытуға қосылған зор үлес.
Ғалымдарымыздың еңбегі жемісті болсын!
