Торайғыров университетінің студенттері Проманалит компаниясының бас офисінде болып, отандық газоаналитикалық жабдық өндірісімен және компанияның ЖИ бағытындағы жаңа бастамаларымен танысты.



Кездесуге Энергетика факультетінің деканы Олжас Талипов, Computer Science факультетінің деканы Нұрлыбек Испулов, сондай-ақ екі факультеттің студенттері қатысты.



Торайғыров университетінің өкілдері AI Sana бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобаларды таныстырып, университеттің цифрлық порталының мүмкіндіктерін көрсетті.



Проманалит мамандары компаниядағы бірегей суперкомпьютер жайлы, оның архитектурасын жетілдіру жоспарлары туралы айтты және Торайғыров университетімен бірлескен ғылыми-тәжірибелік жобаларды бастауға дайын екенін білдірді.



Өңірлік өндіріс пен университет арасындағы серіктестік – студенттердің нақты жобаларға қатысуына, заманауи технологиялармен жұмыс істеуіне, ал мамандардың – жаңа ғылыми шешімдерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар ЖИ саласындағы бірлескен зерттеулер Торайғыров университетінің цифрлық трансформациядағы көшбасшылық позициясын күшейтіп, университеттің ғылыми әлеуетін жаңа деңгейге шығарады.



Аталмыш кездесу – ғылым, технология және өндірістің бірігуіне жол ашқан маңызды қадам.