Торайғыров университетінің делегациясы «Нефтехим LTD компаниясы» ЖШС базасында болды.



Қазақстандағы ірі мұнай-химия кәсіпорындарының бірі – «Нефтехим LTD» компаниясына университет ректоры Нұрлан Медетов пен ToU Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Мәдениет Елубай барып қайтты. Торайғыров университетінің 65 жылдығы аясында олар компанияның атқарушы директоры Ляззат Идрисова мен оқу орталығының басшысы Раиса Кожановаға Алғыс хаттар табыстады.



Кездесу барысында тараптар зауыт базасында студенттерді бірлесіп даярлау, сондай-ақ «Химиялық талдау зертханашысы» жұмысшы мамандығы бойынша микробіліктілік бағдарламалары аясында оқыту мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және зауыт инженерлерінің қатысуымен көшпелі дәрістер ұйымдастыру бағыттары қарастырылды. Өз кезегінде зауыт басшылығы университеттің «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының базасында арнайы оқу кабинетін жабдықтау жоспарымен бөлісті.



«Нефтехим LTD» ЖШС – жоғары сапалы химиялық өнім өндіретін қазақстандық компания. Кәсіпорын түйіршіктелген полипропилен, МТБЭ, эпоксидті компаунд, полипропилен қаптар және қайталама полипропилен өндіреді.