Директорлар кеңесінің мүшелері Торайғыров университетінің жұмыс нәтижелерімен танысып, ЖОО-ның даму жолдарын талқылады.



Бірінші кезекте Директорлар кеңесі ToU-дың материалдық-техникалық базасының қазіргі жағдайын бағалады. Делегация Инженерия факультетінің металлургиялық бағыттағы зертханасымен және жаңадан іске қосылуы жоспарланып отырған зертхана алаңымен танысты. Сондай-ақ, Директорлар кеңесінің мүшелері машина жасау зертханасының, IT-Мектептің және “Mediker” медициналық орталығының жұмысын көрді.



Университет басшылығы ЖОО-ның білім беру сапасын арттыру, халықаралық байланысты нығайту мақсатында шақырылатын шетелдік ғалымдарға арналған жеке бөлмелерді жабдықтау жоспарларымен бөлісті.



Университеттің бас ғимаратында Директорлар кеңесіне қабылдау комиссиясының, халықаралық ынтымақтастық орталығының және «Электр қуаты» кафедрасының ғылыми-зерттеу зертханасының жұмысы көрсетілді. Сонымен қатар, Агротехнология және Жаратылыстану факультеттерінің зертханаларындағы ғылыми қызметтің ұйымдастырылу барысы көрсетілді.



Директорлар кеңесінің отырысы барысында университетті дамыту мәселесі кеңінен талқыланды. Стратегиялық тұрғыдан ол кадрларды даярлаудағы бизнеспен өзара әрекеттесуге, шетелдік ғылыми институттармен және университеттермен ынтымақтастыққа негізделген. ДК мүшелері факультет декандары, кафедра меңгерушілері және департамент директорларымен ресми кездесу өткізіп, өзекті мәселелер мен оларды тиімді шешудің жолдарын саралады.